Skip to content
Главная страница » «Мың алғыс» монументі

«Мың алғыс» монументі

Жетісу облысы, Қаратал ауданы, Бастөбе ауылындағы «Мың алғыс» монументі — Қазақстан халқы арасындағы достық пен бірліктің символына айналған ерекше ескерткіштердің бірі.

Бұл монумент 1937 жылы Кеңес Одағының пәрменімен Қазақстанға күштеп жер аударылған этностардың сол кездегі тарихи тағдырына байланысты. Сол жылдары корей, неміс, шешен, ингуш, поляк және басқа да ұлт өкілдері тағдыр тәлкегімен қазақ жеріне қоныс аударуға мәжбүр болды.

Қазақ халқы сол қиын-қыстау кезеңде бөтеннің баласын құшақ жая қарсы алып, бөтенсітпей, барымен бөлісіп, бір үзім нанды бөліп жесіп оларға пана бола білді. Ұмытылмас тарихи оқиғаны жадында сақтаған түрлі этнос өкілдері қазақ еліне деген шынайы алғысын білдіру мақсатында осы монументтіөз адал ниеттерімен орнатты.

«Мың алғыс» монументі – тек бір ұлттың емес, Қазақстанда тату-тәтті өмір сүріп жатқан жүзден астам этностың ортақ ризашылық нышаны.

Бастөбе ауылындағы бұл ескерткішке жыл сайын 1 наурыз – Алғыс айту күніне орай гүл шоқтарын қою, тағзым ету және түрлі мәдени іс-шаралар өткізу арқылы көпшілікке кеңінен таныстырылып келеді.

Сонымен қатар, мұнда «Достық» аллеясы, мемориалдық кешендер мен естелік белгілер орналасқан. Бұл орын – Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен жүзеге асқан бірлік пен татулық, ізгілік идеясын нақты іспен көрсететін нысан.

«Мың алғыс» монументі — көп этносты Қазақстанның ортақ тарихы мен бауырмалдығы, татулығы, берекетті іс, мейірімді өмір, өскелең ұрпақтың  өнегелі ғұмырына берері мол киелі орын деуге тұрарлық мақтаныш.

Пікір қалдырыңыз

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер *