Skip to content
Главная страница » ЖЕТІ ҒАСЫРЛЫҚ ТАРИХЫ БАР КИЕЛІ АҒАШ

ЖЕТІ ҒАСЫРЛЫҚ ТАРИХЫ БАР КИЕЛІ АҒАШ

Жетісу облысы, Панфилов ауданы, Жаркенттен 30 шақырым қашықтықта Әулие ағаш ауылында жеті ғасырдан бері өсіп тұрған, тамыры тереңге жайылған алып ағаш бар. Оны жергілікті халық «Әулие ағаш» деп та атап кеткен. Оның айналымдағы көлемі шамамен 7 метр. Қазір ағаштың діңін құшаққа алу үшін  кем дегенде алты адам қажет. «Алып» қарағаштың айналасында жас теректерден тұратын шоқ, өміп тұр. Өсіп тұрған қарағаштардың төбелері алып қарағашқа қарай бұталарымен табиғи шатыр құрғандай иіліп тұр. Әдетте қарағаштар олай өспейді.  Алып киелі ағашты төрткүл дүниенің үш қана жерінен кездестіруге болады. Бірі-көрші Қытай елінде, тағы бірі-Меккеде, ал үшіншісі осы-Жаркенттегі «Әулиеағаш». 

Аңыз бойынша, ерте заманда Ұлы Жібек жолында Бейбосын деген саудагер бір күні далада қонып қалып өзінің асатаяғын жерге қадап, ұйықтап кетеді. Таңертең тұрса асатаяғының өзек жарып келе жатқанын көреді. Бейбосын мұны жоғары жақтан келген белгі ретінде қабылдап, асатаяғын тимей қалдырып кетеді. Сөйтіп Әулие Ағаш пайда болған екен.

Жергілікті тұрғындар бұл ағаштың киелі екенін айтып, ескерткеніне қарамай, бір адам отын іздеп жүріп, бұтағын сындырып, үйіне апарған екен. Ертеңіне ауыл адамдары сол отбасының түгелімен көз жұмғандарын көреді. Тағы бір әңгімеде ауыл адамдары осында дәрет сындырған әйелдің беті қисайып кеткенін баяндайды.

Ағаштың жасы бірнеше жүз жылмен өлшенеді. Оның діңі өте жуан, биіктігі мен пішіні ерекше, бұл оны алыстан-ақ көзге түсетін табиғи ескерткішке айналдырған. Құрамына тоқталсақ, қасиетті ағаштың сүрегі өте тығыз әрі берік, табиғи шайырларға бай келеді. Осы шайырлы құрам ағашты түрлі зиянкестерден, шіруден және климаттың күрт өзгерістерінен қорғап, ұзақ уақыт сақталуына мүмкіндік берген. Сонымен қатар, ағаш талшықтары ылғалды жақсы ұстап тұратын қасиетке ие, бұл оның қуаңшылыққа төзімді болуын қамтамасыз етеді.

Ағаштың тамыр жүйесі өте тереңге таралған. Ол жер асты су көздерін тиімді пайдаланып, тіпті қатал табиғи жағдайларда да өмір сүруге бейімделген. Дәл осы биологиялық ерекшеліктері қасиетті ағаштың ғасырлар бойы жойылмай, бүгінгі күнге дейін жетуіне себеп болған. Ағаш өте жуан әрі қарт, оның жанында адамдар тіпті қолмен құшағын толық түзе алмайды — оны айнала қоршаған табиғат жайылымымен бірге ерекше көрінеді.  

Қасиетті ағаш тек табиғи нысан ғана емес, сонымен бірге Жаркент өңірінің тарихымен тығыз байланысты символдық мәнге де ие. Әлі күнге дейін дертіне дауа іздеген адамдар, сәби күткен аналар Әулие ағашқа барып табиғаттың өз шеберлігімен жасалған саябақты аралап, киелі ағаштан тамшылап тұрған біраз ауруға шипа судан ішіп қайтады екен. Бүгінде бұл ағаш сирек кездесетін ботаникалық ескерткіш ретінде ерекше қорғалады және оны болашақ ұрпаққа аман жеткізу – маңызды міндеттердің бірі.

Пікір қалдырыңыз