ТАЛДЫҚОРҒАН – Білім беру мекемелеріндегі қолайлы психологиялық ахуал – сапалы білімнің кепілі. Осы орайда, Талдықорған қаласындағы Абай атындағы №1 орта мектепте педагогтар қауымына арналған маңызды ақпараттық-түсіндіру шарасы өтті.
Кездесудің басты мақсаты – мектеп ортасындағы стресс пен түрлі қиындықтарды медиация құралдары арқылы тиімді шешу жолдарын үйрету, мұғалім мен оқушы арасындағы қақтығыстардың алдын алу және ұстаздарға психологиялық қолдау көрсету.



Татуластыру мәдениеті – басты назарда
Шара басында қатысушыларға медиация институтының маңызы мен дауларды сотсыз шешу мүмкіндіктері туралы танымдық бейнеролик көрсетілді. Жиынның модераторы әрі негізгі спикері, Жетісу облысының ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің мүшесі Құрметбек Сансызбайұлы бұл бағыттың қазіргі білім беру жүйесіндегі өзектілігіне тоқталды.
Сондай-ақ, «Жетісу облысының Азаматтық Альянсы» ЗТБ президенті және облыстық ата-аналар комитетінің төрағасы Дәния Қыдырбаева сөз алып, мектеп, бала және ата-ана арасындағы үшжақты байланысты нығайту мәселелерін көтерді.
«Баланың өмірінде ата-анадан кейінгі ең маңызды тұлға – мұғалім. Сіздер тек білім беріп қана қоймай, болашақ тұлғаның рухани-моральдық негізін қалап, адами құндылықтарды қалыптастыруға үлкен үлес қосасыздар», — деп атап өтті спикерлер.
Практикалық көмек: Тренинг және психологиялық кеңес
Теориялық білімді тәжірибемен ұштастыру мақсатында мектеп психологы Аружан Смагулова мұғалімдермен арнайы практикалық тренинг өткізді. Сабақ барысында педагогтар эмоционалды жанудың алдын алу және даулы жағдайларда өзін-өзі ұстаудың тиімді әдістерін меңгерді.
Нұрай Үсен
