Талдықорған қаласындағы көркемөнер галереясы – Жетісу өңірінің мәдени өміріндегі ерекше орын алатын рухани және шығармашылық орталық. Галереяның басты мақсаты – бейнелеу өнерін насихаттау, жергілікті және қазақстандық суретшілердің шығармашылығын халыққа кеңінен таныстыру. 1950-жылдары салынған бұл ғимарат 2002 жылы күрделі жөндеуден өтіп, бүгінде заманауи көрме ұйымдастыруға арналған мәдени кеңістікке айналған.
Галерея қорында Қазақстанның танымал суретшісі Әбілхан Қастеевтің эскиздерімен қатар, өңірлік және жас қылқалам шеберлерінің туындылары сақталған. Мұнда С. Сәрсенбаева, М. Әбілжан, Ш. Жалғасбаева, Р. Саргулова, М. Қасымбекова және басқа да талантты суретшілердің еңбектері көпшілік назарына ұсынылады. Көрмелерде реализм, абстракция, декоративті-қолданбалы өнер мен мүсін бағытындағы жұмыстар қамтылған.
Галерея жыл бойы түрлі тақырыптағы көрмелер, шығармашылық кездесулер, шеберлік сабақтары және балаларға арналған тегін экскурсиялар ұйымдастырады. Бұл мәдени орын өнер сүйер қауымның бас қосып, жаңа идеялармен шабыттанатын, мәдени диалог пен рухани дамудың орталығына айналып отыр.
2025 жылдың 22-24 қазақ күндері Талдықорған қаласындағы көркемөнер галереясында Республика күні және Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы қарсаңында этномәдени бірлестіктердің өнері мен этнографиясына арналған бірегей жеке коллекциялар көрмесі өтті. Көрме тақыры – «Бірлігіміз – әралуандылықта». Үш күнге жалғасқан бұл шара ел бірлігін нығайтуға, тарихи жадымызды сақтауға және этностардың бай мәдени мұрасын кеңінен насихаттауға бағытталды.
Көрменің салтанатты ашылуына Жетісу облысының этномәдени бірлестіктері, зиялы қауым өкілдері, шығармашыл жастар мен қала тұрғындары қатысты. Экспозицияда ұлттық киімдер мен тұрмыстық бұйымдар, қолөнер туындылары, зергерлік әшекейлер, музыкалық аспаптар, этнографиялық фотосуреттер мен сирек артефактілер қойылды. Үш күн ішінде көрмені мыңдаған көрермен, соның ішінде І. Жансүгіров атындағы Жетісу университеті мен колледж студенттері және мектеп оқушылары тамашалап, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде экскурсияларға қатысты.
Талдықорған көркемөнер галереясы – өңірдің мәдени келбетін айқындайтын, ұлттық және заманауи өнер мен көпұлтты бірліктің тоғысын паш ететін бірегей мәдени мекеме.















