Жетісу өңірінде Қазақстан халқы Ассамблеясының (ҚХА) 30 жылдық мерейтойына арналған қорытынды жиын өтті. Мерекелік шара аясында ел бірлігінің шежіресін баяндайтын жаңа тарихи еңбектің таныстырылымы ұйымдастырылды.
Мерекелік басқосуға облыстық Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, зиялы қауым өкілдері мен қоғам белсенділері қатысты.

Тарихқа тағзым және жаңа басылым
Жиынның басты жаңалығы — Ассамблеяның 30 жылдығына орай жарық көрген «Бірлік пен келісім жолындағы 30 жыл» (30 лет на пути единства и согласия) атты тарихи кітаптың салтанатты тұсаукесері болды. Бұл басылым — үш онжылдық ішіндегі өңірдегі этносаралық татулықтың қалыптасу жолы мен қоғамдық келісімді нығайтудағы маңызды белестерді қамтитын құнды мұра.

Берекелі бірліктің бастауы
Өңір басшысының атынан жиынға қатысушыларды облыс әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов құттықтады. Ол өз сөзінде Ассамблеяның мемлекеттік тұрақтылықты сақтаудағы айрықша рөліне тоқталды.
«Ассамблея 30 жыл ішінде ел бірлігі мен қоғамдық келісімді нығайтудың бірегей тетігіне айналды. Біздің өңірде бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Этносаралық татулықты сақтау — мемлекетіміздің басты басымдығы және біз осы құндылықтарды келешек ұрпаққа аманаттауымыз керек», — деді Диас Есдәулетов.

Маңызды диалог алаңы
Қатысушылар Ассамблеяның қоғамдық келісімді ілгерілетудегі маңызын атап өтіп, бұл іс-шараның ұлттық бірлікті нығайтуға қосар үлесі зор екенін білдірді. Мерекелік жиын бірлік пен татулықтың құндылығын тағы бір мәрте айқындап берген маңызды алаңға айналды.
30 жылдық тарихи жол — еліміздің гүлденуі мен тұрақты дамуының берік негізі екені кездесу барысында кеңінен талқыланды.

