Skip to content
Главная страница » Бикен Римова атындағы драма театры

Бикен Римова атындағы драма театры

Бикен Римова атындағы драма театры 1975 жылы 4 қарашада өзінің шымылдығын Ғабит Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясымен ашты. Құрылу кезеңінде театр құрамына Алматы мемлекеттік консерваториясы мен Қазақ академиялық драма театрының кәсіби түлектері Азат Базаргелдиев, Әлихан Ыдырышев, Жұмагүл Шайкина, т.б. талантты актерлер өнер көрсетті. Осы күнге дейін сахна шеберлері театрдың шығармашылық дамуына зор үлес қосып келеді.

2000 жылы театрға Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бикен Римованың есімі берілді. Бұл — театр тарихындағы маңызды белес. Театр репертуары бүгінде өте бай әрі жан-жақты: қазақ және шетел драматуриясының үздік туындылары, заманауи авторлардың әлеуметтік тақырыптағы пьесалары, балаларға арналған ертегілер сахналанады. «Құзғын», «Мұғалім», «Қазақтың тойы бітпесін», «Жалқаудың жыры» секілді қойылымдар көрермендердің ықыласына ие болған.

2018 жылдың 31 қазанында театр жаңа заманауи ғимаратқа көшті. Жаңа мәдени кешеннің жалпы аумағы 10 538 шаршы метрді құрайды, ал көрермендер залы 510 адамға арналған. Ғимарат соңғы үлгідегі сахналық техникамен, дыбыс пен жарық жүйесімен жабдықталған. Театр, Жетісу облысының орталығы Талдықорған қаласында орналасқан.

Театр ұжымы үнемі гастрольдік сапарларға шығып, республикалық және халықаралық фестивальдарға қатысып келеді. Бұл театр тек сахна өнерінің ғана емес, ұлттық мәдениеттің де дамуына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан шығармашылық мекеме болып саналады.

Талдықорған қаласында театр құрылғанына 50 жыл толу мерей тойы қарсаңында «BIKEN FEST» фестивалі өтті. Мерейтойлық салтанатты шараға облыс әкімі Бейбіт Исабаев, Қазақ КСР халық әртісі, Қазақстанның Еңбек ері Асанәлі Әшімов, Қазақстанның халық әртістері Нұржұман Ықтымбаев, Лидия Каденова, Досқан Жолжақсынов және басқа да өнер қайраткерлері қатысты.

Мерекелік шара прологпен басталып, театрлар шеруімен жалғасты.  Әзербайжаннан, Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, Грузиядан, сондай-ақ Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары мен Астана, Шымкент қаласынан келген театр өнерпаздарын көпшілік ыстық ықыласпен қарсы алды.

Жиында құттықтау сөз сөйлеген облыс әкімі Бейбіт Исабаев Бикен Римова атындағы драма театрына жылы лебізін білдіріп, ғасырлық мерейлі белеске абыроймен жеткен театр ұжымына алдағы уақытта жаңа жетістіктер, биік белестер, халықаралық фестивальдің жұмысына табыс тілеп, театр ұжымына жүк көлігінің кілтін сыйға тартты.

Жетісулық театр жарты ғасыр бұрын Талдықорғанда алғаш сахна шымылдығын ашқан Ғ. Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясын 50 жылдан соң қайта жаңартып ұсынып  көрермендердің құрмет, ықыласына бөленді.

Пікір қалдырыңыз

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер *