«Қоғамдық келісім» КММ ұйымдастыруымен қалада ерекше қайырымдылық шарасы өтті. Мерекеге орай дайындалып, Қазақстандық КИнЭС рекордтар кітабына ресми түрде енген 4546 дана құрт қала тұрғындары мен балалар үйінің тәрбиеленушілеріне үлестірілді.
Рекордтан – жүрек жылуына
Бұл құрттардың жөні бөлек. Небәрі бірнеше күн бұрын 30-дан астам этнос өкілдерінің қатысуымен дайындалған 4546 дана ұлттық тағам бірлік пен ынтымақтың символы ретінде рекорд орнатқан болатын. Ұйымдастырушылар осынау рекордтық дәмді игі іске бағыттауды жөн санап, оны «Айналайын» балалар үйінің бүлдіршіндеріне жеткізді.
Балалар үйінің тәрбиеленушілері үшін бұл тек дәмді сыйлық емес, үлкендердің қамқорлығы мен мейірімін сезінудің тамаша мүмкіндігі болды. Сондай-ақ, қала көшелерінде тұрғындарға да құрт таратылып, мерекелік көңіл-күй сыйланды.

Бірлік пен ризашылықтың көрінісі
«Қоғамдық келісім» КММ өкілдерінің айтуынша, бұл бастаманың мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу және қоғамда өзара сыйластық пен көмек көрсету мәдениетін нығайту.
«Ұлттық тағам арқылы қуаныш сыйлап, жүректерге жылулық ұялатқан бұл қадам баршаға көтеріңкі көңіл-күй мен алғыс сезімін ұялатты. Бұл – ризашылық пен мейірімділіктің, бірлік пен қамқорлықтың айқын көрінісі», – дейді ұйымдастырушылар.
Мұндай шаралар қала тұрғындары арасында өзара түсіністік пен татулықты нығайта түсетін игі дәстүрге айналмақ.
