Skip to content
Главная страница » Медиация институтын дамытудың жаңа қадамдары белгіленді

Медиация институтын дамытудың жаңа қадамдары белгіленді

2026 жылғы 29 қаңтарда Достық үйінің мәжіліс залында Жетісу облысының ҚХА жанындағы Медиация кеңесінің биылғы алғашқы отырысы өтті. Жиын барысында қоғамдық келісімді нығайтудың жаңа тетіктері мен «Мосты доверия» жобасы талқыланды.

Бұл басқосу өңірдегі дауларды бейбіт жолмен шешу мәдениетін жаңа деңгейге көтеруді мақсат етеді.

Стратегиялық бағыттар және жаңа жоба

«Қоғамдық келісім» КММ басшысы Еркебұлан Ақболатов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың V отырысында Ассамблея қызметіне қатысты берген тапсырмаларына тоқталды. Осы орайда көпшілікке «Мосты доверия» жаңа жобасы таныстырылды.

Жобаның негізгі міндеттері:

  • Қоғамдағы сенім деңгейін арттыру;
  • Дау-жанжалдардың алдын алудың тиімді жүйесін қалыптастыру;
  • Медиацияның қолжетімділігін қамтамасыз ету.

2026 жылға арналған жоспар

Медиация кеңесінің төрағасы Бахыт Чингаева 2026 жылға арналған жұмыс жоспарын ұсынды. Ол жоспарланған іс-шаралардың сапалы әрі уақытылы орындалуы кеңес жұмысының нәтижелілігін көрсететінін баса айтты.

Азаматтық қоғамның үлесі

Жиынға қатысқан «Жетісу облысының Азаматтық Альянсы» ЗТБ Президенті Дәния Қыдырбаева қоғамдық келісімді нығайтудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлі туралы мазмұнды баяндама жасады. Ол ата-аналар комитеті мен аула клубтарының жұмысы арқылы медиацияны отбасылық және әлеуметтік деңгейде насихаттаудың маңыздылығын атап өтті.

Отырыс қатысушылары медиация институты — тұрақты қоғамның кепілі екенін алға тартып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істеуге уағдаласты.

Хамит Аяулым

Пікір қалдырыңыз