Талдықорған қаласы, Қызылтас саяжайының маңында орналасқан ел арасында «Тасбақа тас» деп аталып кеткен 80 шаршы шақырымды алып жатқан бірегей тарихи орын бар. Еліміздің бар байлығы, бай табиғатымен, ерекшелігімен ескерткіштерімен бәрімізге ортақ және оны келешек ұрпаққа сол қалпында аманаттау біздің парызымыз екенін есте сақтауымыз керек. Бұл өңірдің басты құндылығы — жартастарға қашалған мыңдаған көне петроглифтердің сақталуы. Археологтардың зерттеулері бойынша мұнда шамамен 5000-ға жуық петроглиф бар деп бағаланады. Олар — біздің ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігін, аңшылық көріністерін, дүниетанымын, жануарлар бейнесін және түрлі символдарды тас бетіне түсірген ежелгі өнер туындылары. Осылайша Тасбақа тасы — өңірдің ғана емес, бүкіл Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасы болып саналады.
Соңғы жылдары бұл аумақта ғылыми зерттеулер қарқынды жүргізіліп, нысанның тарихи маңызы кең таныла бастады. Бұрын Қызылтас маңында диорит өндіру жұмыстары жүргізілмек болған, алайда өлкетанушылар мен қоғам белсенділерінің араласуымен бұл бағыт тоқтатылып, петроглифтер кешені мемлекет қорғауына алынды. Қазіргі таңда Тасбақа тасы – жергілікті маңызы бар тарихи-мәдени мұра нысаны ретінде ресми түрде қорғалады. Оның аумағында тазалау, сақтау, қорғау жұмыстары мен мәдени-ағартушылық шаралар жүйелі ұйымдастырылып келеді.
Тасбақа тасы — тек тарихи жәдігер ғана емес, экотуризм мен демалысқа арналған тартымды орын. Мұнда қала тұрғындары мен қонақтар таза ауада серуендеп, табиғат көркін тамашалап, ежелгі суреттермен таныса алады. Жыл сайын волонтерлік акциялар, экологиялық шаралар, велошерулер өткізіліп, бұл жерді жастардың да қызығушылығына айналдырып отыр. Сонымен қатар, мектеп оқушылары мен студенттер үшін экскурсиялар ұйымдастырылып, аймақтың тарихымен танысуға мүмкіндік жасалған.
Тасбақа тасы — Талдықорған өңірінің рухани байлығын көрсететін, табиғат пен тарих тоғысқан ерекше орын. Петроглифтерді сақтау — өткенге құрмет, болашаққа аманат. Бұл нысан Жетісудың мәдени ерекшелігін танытатын, туристерді қызықтыратын және қоғамды тарихқа жақындататын маңызды мұра болып табылады.




