Skip to content
Главная страница » Жетісу облысының әкімшілік орталығы, Талдықорған қаласында орналасқан Жансүгіров атындағы әдеби музей…

Жетісу облысының әкімшілік орталығы, Талдықорған қаласында орналасқан Жансүгіров атындағы әдеби музей…

Жетісу облысының әкімшілік орталығы, Талдықорған қаласында орналасқан Жансүгіров атындағы әдеби музей – тек бір тұлғаның өміріне ғана арналған экспозиция емес, алаш азаматтарының дәуірлік тыныс, тірлігін айқындайтын қазақтың әдебиеті, ұлылық жолы, елім жұртым деп ерен еңбектерін халқына арнап кеткен ұлықтардың шығармашылығы әдеби салт ғұрыптарын дәріптейтін киелі мәдени мекен. Бұл музейді – Жетісу өңірінің ғана емес, күллі қазақ халқының рухани мұрасы деуге толыққанды негізі бар.

         Өйткені, Ілияс Жансүгіров атындағы әдеби музей – қазақ әдебиеті мен руханиятының көрнекті ескерткіші саналады. Музей 1984 жылы ақынның 90 жылдық мерейтойы қарсаңында ашылып бүгіндері дербес мекеме ретінде халыққа қызмет көрсетіп келеді.

Музей орналасқан ғимарат 1907 жылы салынған тарихи-архитектуралық ескерткіш. Ол, ХХ ғасыр басындағы сирек сақталған құрылыстардың бірі болып саналады және мемлекеттік қорғауға алынған.

Ілияс Жансүгіровтің өзі кезінде осы ғимаратта қоғамдық іс-шараларға қатысқаны тарихи дерек ретінде сақталған. Ғимараттың сәулеттік келбеті – қарапайымдылық пен ұлттық нақыштың үйлесімді көрінісі. Музейдің жалпы ауданы 280 шаршы метр шамасында, алты негізгі бөлмеден тұрады. Бұл бөлмелер ақынның балалық шағы, азаматтық болмысы, шығармашылық мұрасы, жеке өмірі мен жұмыс бөлмесі сияқты тақырыптарға бөлінген. Сонымен қатар музейде замандастары мен әдебиеттегі ізбасарларына арналған арнайы бөлім де бар.

Қазіргі таңда музей қорында сақталған 6 мыңнан астам жәдігер, Ілияс Жансүгіровтің жеке заттары, жазу үстелі, «Мерседес» маркалы ескі баспа машинкасы, үстел шамы, жейдесі, плащы, қолжазбалары, хаттары, төлқұжаты мен өмірінің соңғы кезеңіндегі құжаттық куәліктері. Бұдан бөлек, ақын дүниеге келгенде тарту етілген Молықбай қобызшының қасиетті қобыз да осы музейдің төрінен орын алған. Жақында ғана табылған бұрын белгісіз болып келген «Қуат» поэмасы мен «Бақытты Жамал» әңгімесі де музей қорын толықтырды.

Музейде жыл бойы өткізілетін іс-шаралар қазақтың әдебиеті мен өнеріне қызығушылық танытатын жастарға, көрермендерге рухани тәрбие береді. Дәстүрлі «Ілияс оқулары», «Талантқа тағзым» сияқты байқаулар мен кездесулер тұрақты ұйымдастырылады.

Музейдің басты мақсаты – Ілияс Жансүгіровтің әдеби мұрасын ел ертеңі жастарға, өскелең ұрпақтың отанға деген сүйіспеншілігін арттыру, ақынның ұлылығын дәріптеу және  рухани бай қазынасын халықтың жадында қаз қалпында қалдыру болып табылады.

Пікір қалдырыңыз

Электрондық пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер *