Жетісу өңірінде бірлік пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған ауқымды «Бірлік FEST» мерекелік іс-шарасы «Жастар» саябағында жоғары деңгейде өтті. Айтулы шараға 60 мыңнан астам адам қатысып, тұрғындар мен қала қонақтарына көтеріңкі көңіл-күй мен ұмытылмас әсер сыйлады.Фестивальдің басты мақсаты – қоғамдағы өзара сыйластықты, достықты және бірлікті дәріптеп, тұрғындар үшін ашық әрі жайлы мәдени орта қалыптастыру. Іс-шара барысында саябақ аумағы түрлі мерекелік алаңдарға бөлініп, келушілер үшін қызықты бағдарламалар ұйымдастырылды.Мерекелік көңіл-күйді ерекше арттырған кейіпкерлердің қатарында саябақ аумағында жүріп, келушілермен бірге суретке түскен аниматорлар мен хадулистер болды. Ерекше образдар балалар мен жастардың қызығушылығын тудырып, фестивальдің көңілді әрі есте қаларлық атмосферасын қалыптастырды.

Фестиваль аясында қоршаған ортаны қорғау мәдениетін насихаттауға бағытталған креативті BATTLE BOX экологиялық ойыны да ұйымдастырылды. Ойын шарты бойынша қатысушылар бос пластик бөтелкелерді жинап, белгіленген бес қадам қашықтықтан арнайы орынға бөтелкелерді лақтырды. Қатысушыға бес мүмкіндік беріліп, бес бөтелкенің барлығын дәл түсірген жағдайда сыйлық табысталды. Ал бір рет болса да мүлт кеткен жағдайда, қатысушы бес бөтелкені қайта жинауы қажет болды. Осылайша экологиялық бастама қызықты ойын форматымен ұштасып, тұрғындардың белсенді қатысуына мүмкіндік берді.
Кештің шырайын музыкалық концерттік бағдарлама аша түсті. Танымал өнерпаздар мен шығармашылық ұжымдардың өнері көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Ал мерекелік кештің «вишенкасындай» болған арнайы қонақ – танымал әнші Әли Оқапов көрерменге өзінің сүйікті әндерін орындап, фестивальдің сәнін келтірді.Мерекелік шара соңында аспан төрін түрлі түсті салют жарып, көпшілікке әсерлі көрініс сыйлады.
Бұл сәт «Бірлік FEST» фестивалінің жарқын қорытындысына айналып, мерекеге қатысқан мыңдаған адамның есінде ерекше сақталды.«Бірлік FEST» – тек ойын-сауық пен концерттік бағдарлама ғана емес, ол – достықты, татулықты, өзара құрметті және ортақ құндылықтарды дәріптейтін мереке. Осындай ауқымды шаралар қоғамды біріктіріп, тұрғындардың ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуына, жастардың белсенділігін арттыруға және қоғамдық келісім мәдениетін нығайтуға ықпал етеді.Бірлік бар жерде – береке бар. Бірлігі бекем елдің болашағы жарқын!
