Skip to content
Главная страница » Бірлік пен өзара түсіністік – ел тұтастығының негізі

Бірлік пен өзара түсіністік – ел тұтастығының негізі

2026 жылғы 20 қарашада Талдықорған қаласындағы Достық үйінде этномәдени бірлестік төрағаларымен «Бірлік пен өзара түсіністік – ел тұтастығының негізі» тақырыбындағы отырыс өтті. Маңызды басқосуға барлығы 30 адам, оның ішінде мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстағы этномәдени бірлестіктердің басшылары, Ақсақалдар, Аналар және медиация кеңестерінің төрағалары, сондай-ақ Жетекші журналистер клубының өкілдері қатысты.

Жиынға модераторлық еткен Жетісу облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Бауыржан Абибеков 2026 жылы этномәдени бірлестіктермен бірлескен іс-шаралар жаңа форматта ұйымдастырылып, жастарға арналған мәдени, спорттық және танымдық жобалар сәтті жүзеге асқанын атап өтті. Бұл бағыттағы жұмыстар 2027 жылы да жаңа бастамалармен толығып, Қазақстан Халық Кеңесімен өзара ынтымақтастық одан әрі нығая түспек.

Отырыста негізгі баяндама жасаған Жетісу облысы әкімінің орынбасары Диас Есдәулетов еліміздегі маңызды қоғамдық-саяси өзгерістерге — Конституцияның жаңаруына, бір палаталы жоғары өкілді орган – Қазақстан Республикасы Құрылтайының құрылуына және Мемлекет басшысының 28 қазандағы «Қазақстанның жаңа тарихи кезеңіндегі өзекті міндеттер» атты Жолдауының басымдықтарына тоқталды.

Облыс әкімінің орынбасары өңірдегі 18 этномәдени бірлестіктің қоғамдық келісімді сақтаумен қатар, қайырымдылық бағытындағы нақты істерін ерекше атап өтті:

  • Жыл басынан бері «Қайырымдылық керуені» және «Мектепке жол» акциялары аясында 2 мыңнан астам аз қамтылған және көпбалалы отбасыға 10 млн теңге көлемінде көмек көрсетілді.
  • Қаратал ауданында корей этномәдени бірлестігі облыстық Корейлер қауымдастығы мен республикалық «Наследие диаспоры» қорының қолдауымен аз қамтылған отбасылар, қарттар мен жалғызбасты аналар тұратын 2 тұрғын үйді газға қосты (жалпы құны – 2 млн теңге).
  • Облыстық «Айналайын» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, Аналар үйлері мен дағдарыс орталықтарын паналаған әйелдерге, қарттар мен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне тұрақты түрде қамқорлық көрсетіліп келеді.

Алдағы міндеттерге тоқталған Диас Есдәулетов этномәдени бірлестіктерді өз қызметінде «Заң мен тәртіп», «Әртүрлі көзқарас – біртұтас ұлт» және «Адал азамат» қағидаттарын басшылыққа алуға, жастар тәрбиесі мен ақпараттық сауаттылықты арттыруға баса мән беруге шақырды. Сондай-ақ биылғы Тәуелсіздіктің 35 жылдығына орай отансүйгіштік іс-шараларды ұйымдастыру, «Таза Қазақстан» акциясы мен «Кітап оқитын ұлт» марафонына (reading-nation.kz сайты арқылы) белсенді қатысу ұсынылды. Марафон қорытындысы келесі жылдың қаңтар айында шығарылып, үздік қатысушылар марапатталмақ.

Сындарлы диалог барысында облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек Келемсейіт, «Туган тел» татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Эльмира Файзулина және әзірбайжан орталығының белсендісі Эмиль Курбанов сөз сөйлеп, ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық мұраны дәріптеу және жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру жөніндегі ойларын ортаға салды.

Мазмұнды әрі нәтижелі өткен кездесу қорытындысында қатысушылар мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институттары арасындағы ашық диалог пен бірлескен жұмысты жүйелі түрде жалғастыруға уағдаласты.

Пікір қалдырыңыз