Бала тәрбиесі мен отбасы құндылықтарын нығайту мақсатында Бастөбе ауылындағы М. Горький атындағы орта мектепте «Медиация және ата-ана жауапкершілігі» тақырыбында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Жетісу облыстық ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің бастамасымен ұйымдастырылған бұл шара мектеп пен ата-ана арасындағы алтын көпірді нығайтуға бағытталды.
Тәрбие – тал бесіктен
Кездесу барысында қазіргі қоғамдағы ата-ананың рөлі мен жауапкершілігі басты назарда болды. Спикерлер медиация ұғымын тек дауды шешу құралы емес, отбасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты сақтаудың тиімді әдісі ретінде таныстырды.
Ата-аналарға бала тәрбиесіндегі заманауи 7 талап таныстырылып, олардың әрқайсысының маңызы егжей-тегжейлі түсіндірілді:
- Саналы тәрбиеші болу;
- Қарым-қатынас мәдениеті;
- Эмоциялық қолдау;
- Жеке үлгі болу және т.б.

Практикалық психология
Шараның ең қызықты бөлімі – психологиялық тренинг болды. Тәжірибелі мамандар ата-аналармен жұмыс істей отырып, баламен сенімді қарым-қатынас орнатудың, оның ішкі әлемін түсінудің және жанжалды жағдайларды бейбіт жолмен реттеудің практикалық жолдарын көрсетті.
«Аналар кеңесінің мұндай кездесулері ата-аналарға жаңа дем беріп, бала тәрбиесіне басқа қырынан қарауға мүмкіндік береді. Медиация — бұл татулықтың тілі», — деп атап өтті ұйымдастырушылар.
ЛЯЗЗАТ МУХАМЕДЖАН
