Skip to content
Главная страница » Руханият пен инновация тоғысқан орта: Жетісуда Этнокітапхана ашылып, Этнокарта ресми түрде іске қосылды

Руханият пен инновация тоғысқан орта: Жетісуда Этнокітапхана ашылып, Этнокарта ресми түрде іске қосылды

Рухани құндылықтарды ұлықтауға, халықтар достығын нығайтуға және заманауи цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған ерекше шара өтті. Талдықорғанда «Әлем халықтарының әдебиеті – бір кітапханада» атты Этнокітапхананың салтанатты ашылу рәсімі ұйымдастырылып, сонымен қатар Жетісу облысының этнодемографиялық және этномәдени келбетін заманауи форматта танытатын «Этнокарта» ақпараттық ресурсы ресми түрде іске қосылды.

Этнокітапхана – рухани үндестік ордасы

Шараның басты мақсаты – түрлі ұлт өкілдерінің әдеби мұрасын бір жерге жинақтап, оқырман қауымға қолжетімді ету. Жаңадан ашылған кітапхана халықтарды жақындастыратын, мәдениеттерді тоғыстыратын және өскелең ұрпақты білім мен руханиятқа үндейтін бірегей орталыққа айналмақ.

Салтанатты шараның алғашқы сөз кезегі «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Айдос Назкенұлы Игенбайға берілді. Ол өз сөзінде Мемлекет басшысының бастамаларын тілге тиек етіп:

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деген болатын. Бүгін ашылып отырған Этнокітапхана – осы ұстанымның нақты көрінісі», – деп атап өтті.

«Жетісу облысының Этнокартасы» – бірегей цифрлық платформа

Жиын барысында қатысушылар назарына өңірдің көпэтносты тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігін жүйелейтін «Этнокарта» ақпараттық ресурсы таныстырылды. Бұл жоба облыстың этникалық құрамын, этномәдени бірлестіктердің қызметін және аудан-қалалардағы этносаралық ахуалды бір платформада тоғыстырып отыр.

Ресурста төмендегі маңызды мәліметтер жүйеленген:

  • 📍 Облыс, аудан және қалалардың этникалық құрамы;
  • 📍 Еліміздегі этномәдени бірлестіктердің қызметі мен жетістіктері;
  • 📍 «Қоғамдық келісім» КММ атқарып жатқан жұмыстары;
  • 📍 Өңірдің тарихи деректері мен бай этномәдени мұрасы;
  • 📍 Ресми цифрлық ресурстар мен пайдалы сілтемелер.

Бұл платформа мемлекеттік органдар, ғылыми орта, білім беру ұйымдары, этномәдени бірлестіктер және барлық өңір тұрғындары үшін таптырмас ақпараттық әрі талдамалық алаң болмақ.

Қонақтардың ізгі тілектері мен қолдауы

Игі шараға Жетісу облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек Әбілмәжінұлы Келемсейіт, жетекші журналистер клубының төрағасы, медиация кеңесінің мүшесі Атсалим Саламович Идигов және Жетісу облысы әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Ғабит Тұрсынбайұлы Тұрсынбайұлы қатысып, жаңа бастамаға сәттілік тіледі және өздерінің жүрекжарды ізгі ниеттерін білдірді.

Этнокітапхананың ашылуы мен Этнокартаның іске қосылуы – қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік құндылықтарын нығайтуға, өңіріміздің мәдени әлеуетін әлемге паш етуге бағытталған маңызды қадам.

Пікір қалдырыңыз