Skip to content
Главная страница » Салтанат пен сабақтастық: Талдықорғанда Отбасы күніне арналған марапаттау рәсімі өтті

Салтанат пен сабақтастық: Талдықорғанда Отбасы күніне арналған марапаттау рәсімі өтті

10 қыркүйек күні Талдықорған қаласындағы «Достық үйінде» Отбасы күніне орайластырылған мерекелік салтанатты шара өтті. Жиынның басты мақсаты – отбасылық құндылықтарды ұлықтау, ұрпақ тәрбиесіне ерекше үлес қосып жүрген өнегелі жанұяларды дәріптеу және ұлттық салт-дәстүрді бұқара арасында насихаттау болып табылады.

Салтанатты жиынның шымылдығы «Өрнек би» ансамблінің орындауындағы әсем «Қазақ биімен» ашылды. Мерекелік шараның ашылуында «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Айдос Назкенұлы Игенбай сөз сөйлеп, жиналған қауымды мерекемен құттықтап, отбасының қоғамдағы орны мен маңызына тоқталды.

Іс-шара барысында Жетісу облысының аудандары мен қалаларынан келген үлгілі отбасылар үш арнайы номинация бойынша марапатталды:

  1. «Азамат тәрбиелеген отбасы» номинациясы – елжанды, білімді әрі еңбекқор азамат тәрбиелеп, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге үлес қосқан жанұяларға табысталды. Марапатты Жетісу облыстық Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Ермек Әбілмәжінұлы Келемсейіт тапсырды. Номинанттар қатарында Сарсеновтар, Дюсебаевтар, Бектеновтар, Ұзақбай, Мұсабаевтар, Көшімбаевтар, Тазабековтар, Балқыбековтар және Колбаевтар отбасылары бар.
  2. «Күміс кереге» номинациясы – ұлттық салт-дәстүрді ұлықтап, шаңырақтың ынтымағы мен берекесін арттырып жүрген отбасыларға берілді. Бұл номинацияны Жетісу облыстық Аналар кеңесінің төрағасы Несіпжамал Қасымбекқызы Баймадиева табыстады. Марапат иегерлері: Тастамбековтар, Күмпейсовтар, Карсенбаевтар, Үркімбековтер, Жолдыбаевтар, Есханиндер, Әбдіманаповтар, Аязбаевтар, Оразбековтар және Мұхановтар отбасылары.
  3. «Алтын шаңырақ» номинациясы – әулеттің алтын діңгегін сақтап, ұрпақ сабақтастығын жалғастырып келе жатқан өнегелі шаңырақтарға бұйырды. Марапатты «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Айдос Назкенұлы Игенбай тапсырды. Номинация иегерлері атанғандар: Әтейбековтер, Смағұловтар, Тастанбаевтар, Ақынбаевтар, Базиловтар, Солтанкуловтар, Қожабековтар және Дуйсебаевтар отбасылары.

Мерекелік шара Дәнеш Рақышев атындағы филармонияның солисі, халықаралық және республикалық конкурстардың лауреаты Мәди Мусафировтың орындауындағы жүрекжарды әндермен әрленді. Салтанатты жиынның соңында Балқыбеков Серікбек ата жиналған қауымға ак батасын беріп, елге тыныштық, әр шаңыраққа құт-береке тіледі. Шара барлық марапат иелерінің естелік фотоға түсуімен аяқталды.

Пікір қалдырыңыз