Skip to content
Главная страница » БАҚ өкілдері бақ сынаған «Шаңырақ»: Жетісуда этножурналистер марапатталды

БАҚ өкілдері бақ сынаған «Шаңырақ»: Жетісуда этножурналистер марапатталды

Жетісу облысы Достық үйінің ғимаратында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті дәріптеп жүрген қаламгерлердің басын қосқан дәстүрлі «Шаңырақ» этножурналистика саласындағы облыстық шығармашылық байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті.

Байқау ауқымы мен мақсаты

Жыл сайын ұйымдастырылып, он жылдық көркем үрдіске айналған бұл игі шараның басты мақсаты – этносаралық қатынастар, татулық пен бірлік тақырыптарында сапалы материалдар жариялап жүрген журналистерді, блогерлерді, сарапшылар мен жеке авторларды ынталандыру және отандық этножурналистиканың дамуына үлес қосу.

Биылғы байқауға өңірден 30-ға жуық қатысушы өтінім білдіріп, өз шығармашылық жұмыстарын ұсынды. Тартысты бәсеке қорытындысы бойынша қазылар алқасының шешімімен 3 негізгі номинация және бас жүлде бойынша 10 үздік автор жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Марапаттау рәсімі және жеңімпаздар

Салтанатты шара барысында қазылар алқасының шешімімен «Гран-при», «Үздік телевизиялық материал», «Үздік бейнеролик» және «Үздік басылымдағы мақала» номинациялары сараланып, оқ бойы озық танылған жеңімпаздарға арнайы мүсіншелер, дипломдар мен ақшалай сертификаттар салтанатты түрде табысталды.

Шара барысында «Қоғамдық келісім» КММ директоры Айдос Игенбай сөз сөйлеп, этножурналистиканың қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтаудағы рөліне ерекше тоқталды.

«Он жылдық үрдіске айналған бұл игі шара ел бірлігі мен татулығын нығайту мақсатында алдағы уақытта да мазмұнды түрде жалғасын табады», – деп атап өтті мекеме басшысы.

Байқау жеңімпаздары мен қатысушылары өңірдегі бейбітшілік пен келісімді насихаттаудағы еңбектері үшін алғысқа бөленіп, естелік суретке түсті.

Пікір қалдырыңыз